Азаннан - кешке дейін.

KZMUZON.NET - АЛҒАШҚЫ АРНАЙЫ ҚАЗАҚША ӨЛЕҢДЕР ПОРТАЛЫ !!!

Даңқ Аллеясы - ADOBE PHOTOSHOP-қа құрметті тақта!

Жарияланған күні 16.05.2008 - Бөлімі: Даңқ Аллеясы

Фотошоп… Сөзім жетпейді… Не айтсам да – кем мақтайтын сияқтымын бәрібір… Үндемей-ақ қоя салайыншы ескерткішті…

О, Фотошоп!

 …Бір жолдасым – «Порше» мініп алыпты;
Бір жолдасым – Бритниге барыпты:
Сәлем-сауқат, ішіп-жемін болған соң –
Тіпті барып … қасына жатып алыпты!

О, Фотошоп, қылдың талай таңғажайып!
Фантазияны жібердің кеңге жайып:
Таксимен күнелтетін Кәшмәннің,
Қолына су құйып тұр … Назарбаев!

Болып еді көршімнің аузы қисық,
Жүруші еді қыз қарамай, баз кешіп,
Фотосалон өңдеп кеп жібергенде,
Жабысыпты перизаттай бір ақ келіншек!

О, Фотошоп, сенімен біз – батырмыз!
Қиялымды түк қалдырмай сарқыңыз!
Күндіз беті - төрт жүз градус Марста,
Құрдасыммен асық ойнап жатырмыз!

«…Оянсам – әлі жетпеппін…»

Жарияланған күні 15.05.2008 - Бөлімі: IT тірлік

…Енді бір жерге барар алдында, әбден ойланып алыңыз. Бәрібір ол жерге жете алмайтын болғандықтан, несіне арамтер боласыз?
«Циник екен!» деп, ренжіп қалмаңыз. Мұндай мәлімдемені алғаш өзім оқығанда да «не сандырақ бұл?» деген болатынмын. Дегенмен, қашанда байыз таппаған көне гректердің біреуі осылай деп кетіпті. Дәлелі былай. Адам бір жерге барарда жолдың жартысын жүріп өтуі міндетті. Сол жолдың жартысын жүріп өтуі үшін оның да жартысын өтуі шарт. Ол жартыны еңгеру үшін оның да жартысын жүріп өткені абзал … және әрі қарай таусылмайтын «жартылар» кете береді. Ендеше, кез келген аралықты екіге бөлу мүмкіндігі шексіз болса, жолдың ұзақтығы да – шексіз…
Қызық-ау, логика іліміндегі «Зенонның апорийлері» деген атпен белгілі осы бір, сырт қарағанда мәнсіз тұжырымға ешкім әлі жауабын бере алмаған: Лейбниц ғұламаға дейін қолды бір сілтеп, бұл есепті тастап кеткен көрінеді; ал мадиярлық Бояйи осыны шешемін деп, ақыры жан азабына ұшыраған деген қауесеттер де бар…
Ендеше бауырларым, тоңазытқыштан су ішіп келу үшін асханаға шыққан сапарыңыз мәңгі саяхатқа ұласып кетуі ғажап емес…
Қап, әжетханаға барып келу керек еді…

Қисайған қисын

Жарияланған күні 12.05.2008 - Бөлімі: Ит тірлік

Мен кейде ойлаймын да: дүние жаратылған кезде барлық мақұлық пен жәндіктерге даму үшін бірдей мүмкіндік берілген деп. Тіпті, әлдебір арбитр: «Стаааарт!» деп, шүріппені басып қалғанда, иті бар, мысығы бар, адамы бар, тіпті бірклеткалы инфузориялары бар – барлығы бір сызықтың бойынан дамуға қарай жүгіре шыққанға ұқсайды. Ақыры адамдар оза шауып шаң қаптырып кетсе керек (әлде –өзіміз солай ойлаймыз ба?) : әйтеуір ұялы телефонмен сөйлесіп тұрған итті яки басқа мақұлықты ешқайсысымыз көрмеппіз; есесіне – адамзат Айға аяқ басты.
Сөйтіп, адамзат табиғаттағы барлық мақұлық түрін оңбастай етіп жеңіп, күшке мінгесін, өзара сұрыптау бастаса керек. Сұрыптаудың дәл басталған күнін кім біліпті, алайда асқан әділеттілік болса керек: кім күшті – сол өзінен әлсіздерді басқарады. Ақылы барлығынан асқан би – билердің биі боп сайланыпты; жүзді жыққан жүзбасы мыңды жыққан түменбасына бағынады. Қисыны бар сияқты емес пе?
Егер қисыны барына келіссеңіз, әрі қарай оқи беріңіз. Қарап тұрсақ Қазақ мемлекеті – ұйымдастырудың осындай формасы арқылы ұланғайыр жерге ие болса керек. Әрі қарай деградация басталады: он сегізінші ғасырларда осынау бір аса әділетті дала саясатына патша ағзам жағынан қаяу түсіріле бастайды. Төлеңгітке шекпен кигізіп, ханына қарсы сөйлетеді; Жәңгірлер мен ірілі-ұсақты сұлтандар әуелі тістенгеннен басқа амалы қалмайды; кейін қарасүйектердің қорлығы өткесін шығар, өздері де сол жүйеден бір шығады. Әрі қарай – тұман: әйтеуір қым-қиғаш қырғынмен осы күнгі «тәуелсіздік» деп аталатын күйге де жетіппіз. Қарасақ – масқара: екі ауыз сөз артық оқығандар жылыжайға бергісіз кабинеттер мен апартаменттерден орын теуіп, орта ғасырларда қол бастауы мүмкін арыстар арып-ашып солардың есігіне телміруде. Дегенмен арыстарымызда атавизм түрінде болса да, өзінің артықшылық сезімі қалған. Сондықтан болар: аузы қисық шекпендіге ықылассыз болса да «иә, жақсы» дегенімен, бәрібір менсінбейді; шешімдерін келеке етіп, қылықтары жөнінде анекдоттар құрайды. Ақылды – айлакерге орын бергенімен, оның ақымақтығын кешіре алмай ызаға булығып, ер – құжат бойынша өзінен басым түсетін езге көне алмай, ілбіген өмір, жоқ өмір емес – жәй ғана тіршілік баяу жалғасуда.
Ал Сіздер «халық пен биліктің арасы неге терең сай?» дейсіздер…

У ішіп өл, у ішіп өл: Филолог пен Ерлан – 1:0 !

Жарияланған күні 12.05.2008 - Бөлімі: Ит тірлік

… Осы бір айтыс-тартыстың ортасына періп кететін әдетімді қашан қояды екенмін…
Қайсыбір бейресми жиын-отырмақта қазақ тілінің жанашырына шүйліктім. Менікі сөлекет болды енді, неге екені белгісіз: бұл қарындас та «қазақ тілі!» деп құр айқайлаушылардың қатарынан деп ойлаппын. Оны әшкерелемек мақсатында әдейі орыс тілін мақтап кеп жөнелдім. Қандай контрәдіс қолданар екен деп. Өзім сөйлеп, өзім қойдым ақыры: филолог қарындасым міз бақпады. Полемикаға араластыруды көздеп, енді орыс тілінің қазақ тілінен артықшылығын айта бастап едім – дөп түстім: осы кезде филолог – қарындасымның жаны шығып кетті! Алайда мен құсап, алыстан бастап, тілдердің тарихи сұрыпталуы жөніндегі мылжың сөз айтып, арамтер болған жоқ - бір ауыз сөзбен ғана аузыма құм құйды: «Орыс тілі мықты болса, ең болмаса бір түйір «А» әрпіне келетін зат есім айтыңызшы; айта алсаңыз – мен-ақ жеңіле қояйын» - дегені. «Ой, көп емес пе, қатырасыз қарындас, мысалы…» - деп бастап … мылқау болдым да қалдым! Ал керек болса! Кірме сөздер тек ғана шынымен, мен білетіндері, ал таза орыс сөзінің бірін де айта алмадым. Ұялғаннан, қарындасымның қолын қыса беріппін. Ішімнен ұтылғаныма өлердей қуандым! Жасасын ҚАЗАҚ ТІЛІ !!!

алға »

Офф-лайн:
5 млрд 999 млн 999 мың 997 адам
Админдер:2
Қолданушылар:1